Қойнауы құт, төскейі жаһұт Созақ ауданының киелі топырағынан елімізге танымал ғалымдар, ақын-жазушылар, күйші-композиторлардың шыққаны баршамызға мәлім. Сан ғасырлық тарихы бар қарт Қаратаудың теріскейінде орналасқан киелі Құмкент елі де таланттардан кенде емес. Бүгінде сол таланттардың бірі, қазақтың ақыны Құлжабай Төлеуовтің биыл туылғанына 105 жыл толып отыр.
Марал Тоқсанова, Қ.Сәтбаев атындағы жалпы орта мектебінің директоры
Оқушылар толық мағлұмат алды деп ойлаймын. Өлеңдерін жатқа оқыды. Өздерінің шығармашылықтарымен таныстырды. «Үміттің өлімі» дастаны бойынша драмалық қойылым қойды. Барлығы өз деңгейінде өтті деп ойлаймын.
Әдеби кеште ақынның өмірі мен шығармашылығы айтылып, өлеңдері оқылды. Жас зерттеушілер ақын Құлжабай Төлеуовтің шығармаларына тоқталып, қара өлеңдеріне талдау жасады. «Үміттің өлімі» дастанына ерекше екпін беріп, көпшіліктің жанарын жасқа толтырды.
Ербол Дайраш, ақынның немересі
Әдеби кеш өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Ақынның өмірбаянын, өлкетану қасиеттерін жан-жақты қырынан зерттеп, зерделеп ұсынған. Ұстаздардың еңбегі зор, оқушылардың ізденуі, жұмысының бәрі көрініп тұр.
Әдеби кеш барысында сыршыл, суреткер ақынның ұрпақтары оқушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Ата әруағын сыйлағандар мектеп ұжымына ақынның өшпес дүниесі - «Туған жерім – Созағым» атты жыр жинағын тарту етті. Тарихты тұлғалар жасайды. Құлжабай Төлеуов – теріскей шежіресін байытқан шайыр.
Ақмарал КӨПЖАСАРОВА