Еліміздің қорғанысын бекемдеуге Түркістан облысынан баратын сарбаздардың үлесі басым. Әрбір бесінші сарбаз біздің өңірдің жігіттері.  Бұл демографиялық өсімі жоғары аймақ үшін қалыпты жағдай. Қазір еліміз бойынша әскерге шақырудың күзгі науқаны басталды. Осы жұмысты үйлестіру мақсатында жауапты органдар алқалы жиын өткізді.      

Түркістан облысы көктемгі әскерге шақыру науқанында жүктелген міндетті 103 пайыз етіп  орындады.  Қарулы Күштер қатарына 60 адам,  Мемлекеттік Күзет қызметіне 3 адам, Ұлттық ұланға 2 адам берілген тапсырыстан артық жіберілді. Бұл жөнінде Түркістан облысының жергілікті әскери басқару органдарының басшылық құрамымен күзгі әскерге шақыру науқанына қатысты жиында еліміздің Қарулы Күштері Бас штабы мүшелері  мәлімдеді. 
Ақпараттық-түсіндіру бағытындағы жиынға облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы , облыстық шақыру комиссиясының төрағасы, әскери прокурор және басқармалар мен бөлімдерінің басшылық құрамы қатысты. Сондай-ақ 14 ауданның шақыру комиссиясының төрағалары онлаин байланысқа шықты. Басқосуда көктемгі әскерге шақыру науқанының қорытындысы және күзгі науқанға бағытталған жұмыстар пысықталды. Күзгі науқанға өңірден 2200 сарбаз әскерге шақырылады деп жоспарланып отыр. Осынша әскерді қатарға қабылдау үшін 14 мыңнан астам бозбала дәрігерлік тексеруден өтеді. 
Әскери қызметке шақыруға жасы 18-ден 27-ге дейінгі, денсаулық жағдайы бойынша жарамды,  сотталмаған  және әскерге  шақырудан босатылуға құқығы жоқ азаматтар жатады. Осы  жиынды  Мемлекет басшысының жолдауында айтылған жастарға патриоттық тәрбие беріп, Отаншылдыққа баулуға қатысты тапсырмалары талқыланды.