Шымкент қаласының  жедел-жәрдем станциясы елімізде үздік атанды. Медициналық ұйым өкілдері жедел медициналық жәрдем қызметінің республикалық спартакиадасында біліктіліктерін дәлелдеп, бірінші орынға ие болды.  Екі күнге созылған сайысқа қазақстанның 18 өңірінен келген жедел жәрдем бригадалары қатысты. 

Жедел жәрдем қызметкерлерінің республикалық спартакиадасында  командалар манекендер мен стандартталған пациенттерді пайдалана отырып, шынайы жағдайға барынша жақын клиникалық станциялардан өтіп, жол-көлік оқиғасында зардап шеккендерге көмек көрсетуде, босануды қабылдауда, суға батқан кезде зардап шегушіні құтқаруда, балалар реанимациясын жүргізуде және жіті коронарлық синдромы бар ер адамды қиын жағдайдан шығаруда өз шеберліктерін көрсетті. Екі күнге созылған сайыс қорытындысы бойынша 159,5 балл жинаған Шымкент қаласының командасы үздік бригада болып танылды. 

Бүгінгі таңда Шымкенттегі  103 қызыметінде 100-ден астам медициналық құралмен жабдықталған көліктер мен 150-ден астам білікті маман еңбек етеді. Науқасқа уақытында жетіп, жедел қызмет көрсету жұмысы толық цифрландырылған. Заманауи құралдардың арқасында мамандар бригадасы қоңырау түскен мекенжайға санаулы уақытта жетеді. 

Еске сала кетейік, Ағымдағы жылдың 22-23 қыркүйек күндері Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының ұйымластыруымен жедел медициналық жәрдем қызметі бригадаларының республикалық спартакиадасы  өткен болатын. Дәстүрлі түрде өткізілетін сайыс осымен бесінші жыл қатарынан  өтті. Жедел жәрдем қызметкерлерінің кәсіби деңгейін шыңдайтын мұндай сайыс келесі жылы да ұйымдастырылмақ.