2023 жылы Шымкент қаласында  үш ауысымды мектептер мәселесі толық  шешіледі. Аймақтың      денсаулық сақтау саласында да ілкімді істер көп. Соңғы 1 жылда   шаһардың  жұмыссыздық  көрсеткіші  төмендеген. Тұрғын үй құрылысы саласында да оңды өзгерістер бар.  Жалпы,  Шымкент қаласының   әлеуметтік –экономикалық даму барысы  қандай?  Соңғы 3 жылда өңірдің алған асуы, бағындырған белесі қайсы? 

Шымкентте 1  миллионнан астам халық тұрады.  Оның 22 пайызы жастар.  Аймақта соңғы 5 жылда оқушылар саны 3 есеге артқан.  2021-2025 жылдар аралығында  101 мектеп салу жоспарда бар. Биыл  20 мектеп пайдалануға берілді. Осылайша білім басқармасы келер жылы үш  ауысымды мектептер мәселесін толық шешуді жоспарлап отыр. 
Шаһарда жұмыссыздық мәселесін шешуге де ерекше басымдық беріліп отыр. Биыл 58 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту жоспарланған.  Өткен  9 айда көрсеткіштің 78 пайызы орындалған.  
Бұрын басы ауырып,  балтыры сыздаған ағайын  шекара асатын.  Ташкент  жағалайтын.  Қазір  ол күндер келмеске кетті.  Шымкент трасплантология орталығына айналды.  Аймақта  ағза  алмастыру ісі жолға қойылды. // Өңірде  ана мен бала өлімі соңғы 4 айда 20 пайызға төмендеді.    
Шымкентте демографиялық өсім көз қуантады. Өңірде халық саны  жыл сайын 8  пайызға көбейіп отыр.  Демек, баспана мәселесі – жергілікті биліктің ерекше назарына алынған. Шымкентте «Шымкент - Сити», «Тұран»  шағынаудары  бой  көтерді. 
Мемлекет басшысы Шымкент қаласына жасаған жұмыс сапарында қала әкіміне әлеуметтік салаға ерекше басымдық беріп, халықтың әл ауқатын жақсартуға күш салу қажеттігін тапсырды.