Түркістанда қарсы қозғалыс жолағына шығып жүре беретін көлік көп. Полицейлер бейнекамералар арқылы қарсы қозғалыс жолағына шыққан 6 автомобильді анықтап, шара көрді. Түркістан облысы ПД Жедел басқару орталығының қызметкерлері қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, адамдар көп жиналатын жерлерде, көшелерде орнатылған бейнекамералардың көмегімен түрлі құқық бұзушылықтардың дер кезінде анықталуын және қылмыстың жолын кесуді қадағалайды.

Жедел басқару орталығының операторлары бейнебақылау камералары арқылы соңғы 10 күнде 756 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Оның ішінде: 391-і қауіпсіздік белдігін тақпау, 39-ы көлік басқару кезінде ұялы телефон пайдалану, 40 дерек дұрыс емес жерде тоқтау, 15-і күңгірттеу және 6 жайт қарсы қозғалыс жолағына шығу болып отыр.  Түркістан қаласы Нышанов көшесінде кезекші полицейлер камералардың көмегімен тұтас жолақ пен қарсы қозғалыс жолағына шығудың 6 фактісін тіркеді. Жүргізушілерге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 596-бабының 3-бөлігі «Көлік құралын жолдың жүру бөлігінде орналастыру, қарсы жүріп өту немесе басып озу қағидаларын бұзу» бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Тәртіп сақшылары аталған құқық бұзушылықтар туралы жинақталған материалдарды заңды шешім қабылдау үшін мамандандырылған әкімшілік сотына жолдады.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері жүргізушілерді және жол қозғалысының өзге де қатысушыларын ережелерді қатаң сақтауға, сондай-ақ қарсы қозғалыс жолағына шықпауға, жылдамдықты асырмауға, мас халде көлік жүргізбеуге шақырады. Есіңізде болсын: жол ережесін бұзудың соңы орны толмас  өкінішке әкелуі мүмкін.