Жетісайда ломбард тонаған күдікті анықталды. Жәбірленуші тараптың айтуынша, жергілікті тұрғын басына жаздық бас киім мен бетіне медициналық бетперде тағып алған белгісіз біреу кіріп,  қарумен қорқытып, ақша талап еткен. Үрейі ұшқан жәбірленуші сол мезетте күдіктіге кассадағы 1 миллион 200 мың теңгені  ұстата салған. Оңай олжалы болған сезікті оқиға орнынан ізін суытқан. Ал, Шымкентте мас жүргізуші 7 жылға көлік басқару құқығынан айырылды. Тағы бір азамат өз үйіне сора өсімдігін өсіргені үшін тергеуге алынды. 

Полицейлер күдіктіні ізін суытпай құрықтау мақсатында, қажетті шараларды жүзеге асырды. Нәтижесінде бірнеше күн ішінде бейне бақылау камерасындағы жазба арқылы күдіктінің жеке басы анықталды. Тәртіп сақшылары сезіктіні тұрғылықты мекен жайынан ұстап, полицияға жеткізді.  Ол жұмыссыз, жергілікті тұрғын болып шықты.Анықталғандай, күдікті тонау әрекетіне бармас алдын қаладағы бір қатар ломбардтарды бақылап шыққан. Содан жәбірленуші тараптың ломбарды кешкі дейін істейтіндігін біліп, аталмыш алтын қабылдау орнын тонауды діттеген. Барынша қараңғы түскенін пайдаланып, өз арам ойын жүзеге асырған. Сезікті өз сөзінде бұл әрекетке ақша қажет болғандықтан барғанын жеткізді. Ал айғақты зат ретінде күдіктінің пневматикалық тапаншасы алынды. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынып, оған қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.  
Ал, Шымкентте мас жүргізуші 7 жылға көлік басқару құқығынан айырылды. Рейдтік іс-шаралар жүргізу барысында патрульдік полиция полкінің қызметкерлері орталық көшелердің бірінде түнгі сағат 03:30 шамасында көлік жүргізу кезінде күдік тудырған ер адамды байқайды. Тізгіндеушінің құжаттарын тексеру мақсатында Нyundai elantra автокөлігін тоқтатты.Тексеру жұмыстары кезінде жүргізушінің ішімдік ішкен болуы мүмкін деген күдікпен наркологиялық сараптама орталығына жеткізді. Сараптама нәтижесінде ер адамның ішімдік ішкені расталды. 
 Оқиғаға қатысты жинақталған материалдарды әкімшілік полиция қызметкерлері сотқа жіберді. Сот шешімен автокөлік жүргізушісі 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 7 жылға көлік басқару құқығынан айырылды.
Өз ауласында сора өсімдігін өсірген шымкенттік тұрғынның әрекеті де жүзеге аспай қалды.  Еңбекші аудандық жергілікті полиция қызметі аумақты аралау кезінде есiрткi заттары бар және өсiруге тыйым салынған өсiмдiкті заңсыз егіп-өсірген азаматты анықтады. Ол 1989 жылы туған жергілікті тұрғын болып шықты.
 Тексеру барысында 33 жастағы азаматтың үйінен есірткі өсімдігі тәркіленіп алынды. Сараптама қорытындысына сәйкес тәркіленген есірткі өсімдігі сора тұқымына жататыны анықталды. Бүгінде аталған азаматқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.