«Ұлы дала жорығы» республикалық марафон бәйгенің он бірінші кезеңінде шабандоздар Созақ ауданындағы Шолаққорған ауылдық округінің Абай елді мекеніне аялдады. Жүздеген шақырымды артқа тастаған шабандоздарды Созақ жұртшылығы үшінші рет қабылдап, үлкен құрметпен қарсы алды. Дүбірлі дода қатысушыларын Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков пен спорт жанашырлары күтіп алып, атбегілер мен шабандоздардың мерейін асқақтатты. 

Он бірінші кезеңде Маңғыстау, Жетісу облысының тұлпарлары мәреге ерте келді. Түркістан облысының командасы да үздіктер қатарынан табылды. Елордадан 1100 шақырымды артқа тастаған шабандоздарға сырлы Созақ өңіріндегі ат спортының жанкүйерлері қолдау көрсетіп, әрбір шабандозға алғыстарын білдірді. Өйткені мұндай аламан бұрын болмаған. «Ұлы дала жорығы» марафон бәйгесін ұйымдастырушыларының бірі Арман Абдоллаевтың айтуынша, бұл бәйгеде қазақ жылқыларының мәртебесі асқақтай түскен. 
Бүгін таң қылаң бере жолға шыққан шабандоздар Ащысайдан өтіп, Түркістан қаласына келеді. Жеңімпаздар Түркістан төрінде анықталады.  Айта кетейік, «Ұлы дала жорығы» – еліміздің 6 аймағын (Астана, Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда, Түркістан облыстары) басып өтетін тұңғыш жалпы республикалық ат марафоны.