Шымкентте үй жануарларын ұстау талаптары дұрыс орындалмай жүр. Тіпті оны бордақылау да көп сауал тудырады. Нақтырағы, сойылған малдың қалдықтарын кәрізге төгетіндер бар. Ал ол кәріз қайда барады, біз осылайша дүниежүзілік экологияға залал келтіріп жатқан жоқпыз ба? Бұл мәселені депутаттар көтерді. Жауаптылар не дейді? Кім бақылауы тиіс?

Қаланың қақ ортасында, тіпті әкімдік жанында жайылып жүрген сиыр, қой көптің күлкісін тудырған еді бірнеше жыл бұрын. Алайда, бұл мәселе әлі де өзекті. Үй жануарларын ұстау талаптарын сақтамай жүргендер жетерлік. Тәртіп бұзғандарға көрілетін шара жайында депутаттар жауаптылардан сұрады.

Аудан әкімдері мен полиция ғана емес, қосымша ірі қараларды бақылауда ұстайтын арнайы сектор болуы керек – дейді депутаттар. Қалаулыларды толғандырған кезекті мәселе – мал сою ісі. Бордақылаумен айналысатындар үшін арнайы орын болуы керек. Қаланың жартысы ет сатып алатын орындарға ветеринарлық инспекция жауапты. 

Сессия барысында «қала аумағында жануарларды асырау қағидасын бекіту туралы» 2020 жылғы 11 наурыздағы №62/536-6 с Шымкент қаласы мәслихатының шешіміне өзгеріс енгізілді. Жан-жануардың көшеде жүрі көлік жүргізушілер мен тұрғындардың қауіпсіздігі үшін де қатерлі болып отыр. Депутаттар шаһар орталығындағы тұрғындарға кейбір мал түрлерін ұстауға тиым салуды да ұсынып отыр.