Қалалық мәслихаттың кезекті 21-сессиясы өтті. Отырысқа әкімдік мүшелері, аудан әкімдері, тиісті басқарма басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты. Сессия тікелей онлайн транслицияда көрсетілді. 29 депутат қатысты. 22 мәселе қаралды. 

Күн тәртібіндегі басты мәселе – 2022-24 жылдарға арналған Шымкент қаласының бюджеті туралы болды. Алғашқы баяндама Шымкент қаласының экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы  Ерлан Есқараевқа берілді. 1697 мүмкіндігі шектеулі азаматтарға курорттық емдеуге 296 миллион теңге, әлеуметтік маңызы бар жолаушылар тасымалы бағытын субсидиялауға 5,7 миллиард теңге бөлінуіне қолдау көрсетуді сұрады.
 Кезекті мәселе – қаладағы 4 аудан әкіміне жүктелген міндеттер мен функциялар төңірегінде болды. Абай, Әл-Фараби, Қаратау, Еңбекші ауданының әкімдері есеп беріп, қойылған сауалдарға жауап берді. Әсіресе, Қаратау ауданы әкімі көптеген жаңа секторлардың қосылуына байланысты депутаттар тарапынан көп сауалға кезікті. 
Электр жарығы бойынша тиісті басқарма басшысы жауап берді. Айтуынша, қазір мердігер мекемемен шарт бұзылып, жаңадан конкурс ойнатылып жатыр. 
Одан бөлек, денсаулық сақтау саласын дамыту шаралары да талқыланды. Алдағы уақытта инвесторлардың есебінен қалада заманауи медициналық мекемелер бой көтеретін болады. Сонымен қатар, сессия бейбіт жиындарды өткізу, ұйымдастыру жануарларды уақытша ұстау, аулау мәселелерін талқылады. Зираттарды күтіп ұстау бойынша да қағида бекітті.