«Шымкент қаласында 84 844 зейнеткер бар. Оның 5-еуі Ұлы Отан соғысы ардагері болса, 2390-ы тыл ардагері. Сондай-ақ, шаһарда 55 859 көп балалы ана тұрады. Оның ішінде «Алтын алқа», «Күміс алқа» белгісінің иегерлері 11 266-ны құрап отыр». Бұл туралы Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова халықаралық қарттар күні қарсаңында өткен брифингте мәлімдеді.


Жалпы, қалада «Белсенді ұзақ өмір» орталығының әр ауданда бөлімшелері ашылып, зейнет жасындағы азаматтарға 4 сағаттан екі ауысымда тегін арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетіп келеді. Жалғызілікті зейнеткерлерге арналған 3 мезгіл ыстық тамағы қосылған 8 сағаттық жартылай станционар жа жұмыс жасайды. Сонымен қатар, зейнет жасындағы 9238 азаматты санаторлық емдеуді қамтамасыз ету қарастырылған. Тамыз айының қорытындысына сәйкес, 2040 кісі шипажайда ем алған. 2500 ардагерге республикалық, облыстық және қалалық мерзімді басылымдарға тегін жазылым ұйымдастырылды. Айта кетейік, мереке қарсаңында қаланың дамуына еңбегі сіңген ардагерлер мен қарттарды құттықтап, сый-сияпат табыстау жоспарланған.