«Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі мәреге жетті. 1200 шақырымды 11 күнде бағындырған батырларды Түркістан төрінде ел құрметпен қарсы алды. Сонымен Бәйге жеңімпаздары кім? 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысына жасаған жұмыс сапарында және марафон-бәйгенің ашылу рәсімінде жолдаған құттықтау хатында бұл шараның маңыздылығын атап өтті. Ұлттық спортты жаңғырту арқылы рухани серпіліс әкелу басты мақсат екенін айтқан болатын. «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі – еліміздің 6 аймағын Астана, Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда, Түркістан облыстарын  қамтыған тұңғыш жалпы республикалық ат аламаны. Бәйгеге қатысқан шабандоздар Қазақстанның киелі мекендерін аралап, күллі түркі жұртының астанасы болған Түркістан қаласында ат басын тіреді. Мәреге жеткен қатысушыларды Түркістан жұртшылығы үлкен қошеметпен қарсы алды. 
Жеңімпаздарды ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев,  «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Болат Маханалин, Sportqory директоры Асхат Сейсембеков қарсы алып,  сертификат пен медальды тарту етті. ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев жобаның өміршең боларына сенім білдіріп,  шабандоздардың ерлігін жоғары бағалады. 
Жеңімпаздарды қарсы алған Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды да ұлттық спорт жанашырларын құттықтады. 
Сонымен, бәйгенің жеңімпазы атанған Маңғыстаудың «Көкмойнақ»  командасына 24 млн. теңгенің сертификаты тапсырылды. Екінші  орын атанған  Жетісу өңірінің «Жетісу»  командасына 12 млн. теңге жүлде тарту етілді. Мәреге үшінші болып жеткен Түркістан облысының «Теріскей» командасының шабандоздары 9 млн. теңге сыйақыны қанжығаларына байлады. Айта кетейік, алғаш рет ұйымдастырылған аламанға елміздің 19 аймағынан келген 19 команда қатысуға ниет білдірген.  Шабандоздар 11 күн ішінде 1200 шақырымды артқа тастап, Түркістан қаласында жарысты аяқтады.