1 қазан – Халықаралық қарттар күнін атап өту басталып кетті. Алғашқылардың бірі болып елге сыйлы ақсақалдарды құттықтауға мәслихат хатшысы Бахадыр Нарымбетов аттанды. Қайтпас 1 шағын ауданында тұратын еңбек ардагері, Шымкент, Арыс қалаларының құрметті азаматы Шерім Медеуовтың шаңырағында қонақ болды. Депутаттар бұрын-соңды ешкімге бермеген құнды құжат алып келіпті. 

Тарихта болмаған «алғыс хатқа» 30 адамның қолы қойылған. Олар Шымкент қалалық мәслихатының депутаттары. Еңбек ардагері, ешқашан абырой биігінен түспеген қайраткер, мансап қумаған тұлға Шерім Медеуовке азын-аулақ сый-сыяпаттарын артып, келіп отыр. Биыл абыз қария 87 жасқа  шықты. Айтуынша, тәбеті жақсы, денсаулығы дұрыс. Ақсақал әңгіме барысында өзінің қызмет істеген жылдарын еске алды. 

 «Отан үшін от кешетін азаматтар көп болса, солардың арасындағы шоқтығы биік тұлғаның бірі өзіңіз. Сондықтан қиын-қыстау кезеңдерде қазақ жұртшылығының қамы үшін аянбай тер төккен Сіздің өмір жолыңыз өскелең ұрпаққа үлгі болып келеді.» 30 депутат бірден қол қойған алғыс хат мәтіні осылай басталады. Әрі қарай ақсақалдың елге әлі де еңбегі сіңіп келе жатқанын айтып, зор денсаулық, отбасына амандық тілеген. 

Шерім Медеуов саналы ғұмырын елге арнаған санаулы азаматтың бірі. Ата бүгінде 14 немере бағып, 10-шақты шөбере көріп отыр. Қазір баласымен келіні, немелерімен бірге тұрады.