8 жылдың ішінде 8 мың балаға көмек қолын созған. «Қасиетті жол» қорының еңбегі бұл. Қазіргі таңда осы ұйымның балаларды оңалту орталығы Шымкентте де жұмыс істеп тұр. Реабилитациядан аз қамтылған отбасының балалары, ата—ана қамқорлығынсыз қалған бүлдіршіндер өтеді екен. Қазан айының алғашқы сәрсенбісін  әлем халқы церебральді сал ауруына шалдыққан балаларға арнайды.  Айтулы датаға байланысты арна тілшісі де орталық жұмысымен танысып, мамандармен тілдесіп келген еді. 

Жақында 5 жасқа толатын Бекарыс «Қасиетті жол» оңалту орталығына 8 айлығынан бастап келеді. Өмірге келгеніне небәрі 4 ай уақыт өткен соң, инсульт алған. Оң жақ аяқ-қолы істен шығыпты. Отыра алмаған, еңбектемеген, жүрмеген балада қазір прогресс бар. Орталық мамандарының арқасында аяғын да басады. Анасы әр 6 ай сайын баланы 18-20 күнге әкеліп тұрады екен. 

Қазіргі таңда орталық «Дені сау бала» жобасы аясында жұмыс істеп тұр. Жылына 600 баланы қабылдайды, ай сайын 50 балаға көмек береді. Реабилитацияның заманауи, үздік үлгілері қолданылады. Дегенмен, реабилитологтар сиқыршы емес, олар аурудан 100 пайыз айықтыра алмайды. Бірақ балаға, оның отбасына сал сырқатымен қалай өмір сүру керектігін үйретіп, бүлдіршінді өз күнін өзі көруге бағыттайды. 

 «Қасиетті жол» қоры осыдан 10 жыл бұрын құрылған. Мақсаты – церебральді сал ауруына шалдыққан балаларға көмектесу. 2014 жылдан бастап Астана қаласында оңалту орталықтарын ашып бастапты. «Дені сау бала» жобасына қолдау білдірген басты серіктес – «Samruk-Kazyna Trust» болған. 

Ақпарат үшін айта кетейік, әлемде 17 милионнан аса адам церебральді сал ауруына шалдыққан. Өкінішке қарай, бұл сырқат балалар мүгедектігінің басты себебі болып отыр.