Шымкенттегі жаңа атшабар құрылысы аяқталуға жақын қалды. Бұйыртса, жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланып отырған жобаның негізгі бөлігі толық тәмәмдалған. Бүгінде қосалқы құрылысы қарқынды жүріп жатқан ипподромды БАҚ өкілдеріне таныстырған мердігер компания осылайша мегаполиске тарту жасамақ. 

Жалпы аумағы 39 гектарды құрайтын заманауи ипподромда көкпарға арналған алаң, конкур мен бәйгеге арналған арнайы жолақ, әкімшілік кеңселері мен 1 500 адамға арналған трибуна қарастырылған. Сонымен қатар,  қыстық атқоралар мен жазғы ат тұрақтар,  ветеринарлық блок пен жем-шөпке арналған арнайы орын да бар. Жоба аясында барлық әлемдік стандарттарға сәйкес келетін манеждің құрылысы да ескеріліпті.  
Халықаралық стандарттарға сай жаңа атшабарда спортшылар үшін барлық жағдай жасалған. Олардың мұнда кіріп шығуы, келушілерге ешқандай кедергісін  келтірмейтін көрінеді. Ал, ұлттық ойындарымыздың жанкүйерлеріне арнайы автотұрақ пен бөлек қақпа қарастырылған. 
Құрылысы аяқталуға жақын қалған атшабарда, қыстық атқоралар мен жаздық тұрақтардың санын көбейтуге қосымша орындар да белгіленіпті. Сондай-ақ, түнгі жарық жүйесімен де толық қамтылмақ. Бұйыртса, жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланып отырған жобада  барлық жағынан тиімді болмақ.