Қазақстандық төтенше жағдай қызметкерлерінің  әйелдер құрамасы әлем чемпионы атанды. Самарқанд қаласында Өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша әлем чемпионаты аясында ТЖМ әйелдер құрамасы топ жарды. Олар өрт-сөндіру құтқару спорты бойынша әйелдер арасындағы VIIІ Әлем чемпионатының жауынгерлік қанат жаюда әлем чемпионы атанды.


Әйелдер командасы жауынгерлік қанат жаюдағы біріншілік үшін күресті. Өрт сөндіру-құтқару спортының бұл командалық түрі өртке келген кезде өрт сөндірушілердің іс-әрекеттерін қайталайды. Бұл кезеңнін мәні - магистральдық жеңқұбыр желісін тез әрі дұрыс төсеу және нысанды су ағынымен «зақымдау». Нысана ортасындағы тесік арқылы сыйымдылықты он литр сумен толтырғаннан кейін зақымданған болып саналады.Әйелдер командалары арасындағы жарыс Қазақстан Республикасының құрама командасының жеңісімен аяқталды. Нәтижесі 27,16 секундты құрады. 2-орынды Ресей Федерациясының командасы, 3-орынды Беларусь және Өзбекстан Республикасының құрама командалары иеленді.
Естеріңізге сала кетейік, 29 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Өзбекстан Республикасының Самарқанд қаласында ерлер арасында XVII Әлем Чемпионаты және әйелдер арасында өрт-құтқару спортынан VIII Әлем Чемпионаты өткен. Бұл чемпионатқа ерлер арасында 11 ел және әйелдер арасында 5 ел қатысқан.
Өрт-қолданбалы спорт – өрт сөндірушілер жеке құрамының жауынгерлік даярлығының құрамдас бөліктерінің бірі. Ол өрт сөндірушілердің дағдыларын жетілдіруге бағытталған. Олардың төтенше жағдайларда әрекет ету қабілеті және тұтастай алғанда қызметкерлердің физикалық дамуына ықпал етеді. Сонымен қатар спортшылар жылдам, икемді, төзімді және күшті болулары керек.