Үстіміздегі жылдың 1 қазанына дейін төленуі керек болған мүлік салығынан Әл-Фараби ауданы бойынша 14 мың азамат жалтарып жүр. Тіпті, араларында жылдар бойы берешегін бермей жүргендері де бар екен. Бұл ретте, қордаланған қарыздың көлемі 80 мил теңгені құрауда. Оларға сан мәрте ескерту жасалғанымен әзірге, нәтиже жоқ.


Мегаполистің орталығы саналатын Әл – Фараби ауданында 2021 жылы 53500 мүлік салығын төлеуші тіркелген. Оның 39 мыңнан астамы салықтарын уақтысында  төлесе, 14 мың адам әлі күнге дейін берешегін бермей жүр екен. Олардың араларында мүлік салығынан жылдар бойы жалтарып жүргендері бар. Солардың бірі, Бекет батыр көшесіндегі №106 үйдің иесі Тамилия Шекерова. Оның 4 жылдық қарызы 673 мың теңгеге жеткен. Осы уақытқа дейін сан мәрте ескерту жасалғанымен, үй иесі әлі күнге дейін мемлекет алдындағы берешегін беруге асығар емес. Бүгін тағы да үйінде болмай шықты.  
Ал, Ахмет Байтұрсынов көшесі бойындағы мына бір зәулім үй үшін төленбеген мүлік салығы 546 мың теңгеге жетіпті. Үй иесі Болат Жаңабаевқа бұған дейін ескерту жасалған. Алайда, ол өзінің бұл қалада тұрмайтынан телефон арқылы айтып ақталуда. Жаңа жылға дейін қордаланған қарызының жартысын болса да төлеймін, дейді.
Салықтан жалтарғандармен енді, сот орындаушылары айналысатын болады. Олар мәжбүрлеп өндіру үшін, банктік есеп шоттарын бұғаттап, мемлекет алдында берешегі барлардың шығыс-кіріс операцияларын тоқтатпақ. Сондай-ақ, шет елге шығуға тыйым салып, шектеу шараларын толық қолданады. Айта кетейік, ауданда көлік салығын төлемегендер саны бүгінде 4700 адам. Бұл ретте қордаланған қарыздың көлемі 240 мил теңгені құрауда екен.