Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссияның Шымкент жұмыс тобының бастамасымен «ХХ ғ. І жартысындағы Оңтүстік Қазақстан өңіріндегі саяси қуғын-сүргін: жаңақазақстандық қоғам көзқарасымен зерделеу мен зерттеу» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған жиынға М.Әуезов атындағы ОҚУ мен ОҚМПУ атсалысып отыр.


Ғылыми конференцияға Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның Жобалық кеңсесінің мүшесі, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі комитетінің бас сарапшысы С.Алғалиев, мемкомиссияның өңірлердегі жұмыс топтарының өкілдері, ғалымдар қатысты. Конференцияға қатысушылар «Тоқтаған уақыт» атты оңтүстіктегі қазақ байларынан тәркіленген бұйымдар көрмесімен танысты.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жобалық кеңсесінің мүшесі С.Алғалиев әлі де тарқатылмаған сыры көп, ғылыми конференцияға арқау болған тақырыптарды ғылыми орта ғана талқыламай, әрі қарай ЖОО қабырғасындағы студенттер мен магистранттар да өзінің ғылыми жұмысы ретінде зерделесе деген тілегін жеткізді.
ҚР Президенті архивіндегі ХХ ғасырдағы саяси-қуғын сүргін материалдарын зерделеу орталығының жетекшісі Г.Нұрымбетованың айтуынша, мемлекеттік комиссияның жұмысына архивтердің тигізер көмегі зор.Айта кетейік, ғалымдар пленарлық отырыстан соң, 5 секцияға бөлініп, бағыттық жұмыстар бойынша талқылау жасады.