Ауа райының күрт суытуы Түркістанға да әсер етті. Бекзат мөлтекауданындағы 6 көшеның тұрғындары  кеше түнде газсыз қалған. Әкімдіктің жедел желіне қоңырау шалған азаматтар газ қосуды талап еткен. Жөндеу жұмыстарына шұғыл  кіріскен газ таратушы мекеме қызметкерлері ақауларды реттеп, үйлерге газ берілді. 


Бекзат мөлтекауданында көгілдір отын  тұтынатын 3 мыңнан астам абонент бар. Соның ішіндегі 6 көше кеше газсыз қалған. Бұл көшелерде 500-ге жуық жеке үйлер бар. Кезекші бөлімге келіп түскен қоңыраудан кейін Қазтрансгаз аймақ мекемесінің қызметкерлері ақауды анықтап қалпына келтіру жұмысын жүргізді.
Қазір бұл үйлерге газ берілді. Тұрғындар үйлерін жылытып қалыпты тіршілікке көшті. Дер кезінде жұмысын атқарған азаматтарға алғысын білдіреді. Бірақ мұндай жағдай қайталана ма?,-деген күмәні де бар.  
Мамандар ақаудың шығу себебін күн суығанда газ тарататын пунктегі өткізгіштің қатып қалумен түсіндірді. Алдағы уақытта осындай жағдай қайталанбауы үшін бар мүмкіндікті қарастырамыз деп уәде берді. Ал уәденің орындалуын алдағы уақыт еншісіне қалдырдық. Себебі Түркістанды жылыту маусымының басталғанына бар болғаны екі апта ғана уақыт өтті.