Түркістан қаласында қуаты 110 килоВольт болатын солтүстік қосалқы станциясы салынып жатыр. Құрылыс аяқталғаннан кейін Түркістан қаласының индустриалды аймағында орналасқан шағын және орта бизнес нысандары  электр қуатымен қамтылады. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды құрылыс алаңында болып, жұмысшылармен кездесті. Жауапты басшыларға құрылысты сапалы жүргізуді тапсырды. Сонымен бірге өңір басшысы ашылғанына бір жылдан асқан Сауран ауданындағы құрылыс жұмыстарымен танысты.


Түркістан қаласында салынып жатқан солтүстік қосалқы станциясының арқасында индустриалды аймақтағы шағын және орта бизнес нысандары ғана емес, оған жақын орналасқан ауыл-аймақ сапалы электр энергиясына қол жеткізеді. Атап айтсақ, станция арқылы Түркістан қаласының «Бекзат», «Бірлік» мөлтек аудандары және жақын маңда орналасқан Сауран ауданының Теке, Нұртас елді мекендері сапалы әрі тұрақты электр жарығына қосылады. Бүгінде қосалқы станцияның ішкі жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тура бір жыл бұрын басталған құрылыс жұмыстарын келер жылдың маусым айында аяқтау жоспарланған. Республикалық және облыстық бюджеттен 6 миллиард теңгеден астам қаражат қаралған. «Түркістан облысы және осындағы индустриалды аймақтар үшін электр қуатының маңызы зор. Қуат көздерін арттыру, сапалы электрмен қамту өзекті мәселе болып тұр. Сондықтан бұл станцияның құрылыс уақытылы аяқталуға тиіс. Әлі де мұндай жобаларды көбейту жолын қарастырамыз. Өндірісті, кәсіпкерлікті дамытамыз десек қуат көздері мен инфрақұрылым сақадай-сай болуға тиіс», – деді Дархан Сатыбалды.
САУРАН АУДАНЫ АЛЫП ҚҰРЫЛЫС АЛАҢЫНА АЙНАЛДЫ
Өңір басшысы Сауран ауданындағы жиһаз цехында да болды. 200 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған кәсіпорын жылына 2500 дана жиһаз шығарады. Кәсіпорын жұмысын кеңейту үшін мемлекеттен жеңілдетілген несие алып, жұмыс күші екі есе артпақ. Жалпы Сауран ауданы алып құрылыс алаңына айналды деуге болады. Аудан орталығы Шорнақ елді мекенінен 38 га жер бөлініп, мемлекеттік органдардың 5 әкімшілік ғимараты бой көтерді. Онда аудан әкімі аппараты ғимараты, аумақтық қазыналық мекемесі, прокуратура, сот, аудандық мемлекеттік мекемелерінің ғимараттары және мәдениет үйі орналасады. Бұған республикалық және облыстық бюджеттен қаражат бөлінді. «Сауран ауданын дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуы керек. Әкімшілік ғимараттары мен осы аумақтағы нысандардың сәулеті бір-бірін толықтырып тұруы қажет», – деген Дархан Сатыбалды Сауран ауданының әкімі Ғани Рысбековке тапсырмалар берді. Сонымен бірге жергілікті бюджет есебінен 3 мектептің құрылысына 1 млрд. теңге қаралды. Шорнақ ауыл округі Қосмезгіл елді мекеніндегі 300 орындық мектептің құрылысы аяқталып, биыл пайдалануға беріледі. Білім ұялары Оранғай мен Ибата елді мекенінде салынып жатыр. Ал аудан орталығын ауыз су жүйелерімен қамту жұмыстарына Ұлттық қордан қаражат бөлінді. Нысандар жыл қорытындысымен пайдалануға беріледі. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 2 елді мекенде 7 жоба іске асырылып жатыр. Бұдан бөлек Сауран ауданын абаттандыруға, желілік саябақ пен балалар алаңы мен футбол алаңшасын салуға 530 млн. теңге қаралды. Сондай-ақ, ауданда автомобиль жолдары күрделі жөндеуден өтіп жатыр.