Шымкенттік онкологтар Санкт Петербургтан келген дәрігерлермен бірге қатерлі ісіктің асқынған түріне ота жасады. Жергілікті мамандардың емдеу әдістерімен танысқан көрші ел делегациясы Шымкент қалалық онкологиялық орталығының жұмысына  жоғары баға берді. Ал, орталықта ауруды алдын алуға басымдық беріліп, құрал-жабдықтар жыл сайын соңғы үлгіде жаңартылып отырады.


Санкт Петербордан келген жетекші мамандар қалалық онкологиялық орталығында бір күнде 4 бірдей ота жасады. Соның ең күрделісі – 65 жастағы азаматқа жасалған операция. Ота 3 сағатқа созылды. Науқасқа бұған дейін де бір жыл бұрын ота жасалған. Дәрігерлер ол кезде оң өкпенің қатерлі ісігін алып тастаған еді.
Онкологиялық дертке шалдыққан науқастарды емдеудің 3 тәсілі бар. Дәрілік, сәулелі химия терапия және хирургиялық операция. Бұған дейін шымкенттік онкологтар Түркия, Өзбекстан, Ресей дәрігерлерімен 8 мәрте шеберлік сағаттарын өтіпті.
Ресейлік хирург - Евгений Левченконың онкологиядағы тәжірибесі мол. Тыңғылықты еңбегінің арқасында бүгінде оны әлем таниды. Бүгін ол шымкенттік әріптестерінің біліктілігіне көз жеткізді. Қос тараптың емдеу әдісі бір. Тек ота жасау барысындағы тәсілде өзгешелік бар көрінеді.
Айту керек, бұған дейін жергілікті хирургтар Санкт –Петербордағы онкологиялық орталықта болып, тәжірибе шыңдап қайтқан болатын. Отандық хирургтар бұл тәжірибе техниканы жақсартып, дәрігерлердің жаңалықты игеруге деген құлшынысын арттыратынына сенімді. Операциялық үстел басында ресейлік хирургтар радиологиялық емдеу әдісін де үйретті.