Шымкент қаласының тұрғындары ХҚО-ға бармай-ақ, жылжымайтын мүлік техпаспортын egov.kz порталы арқылы онлайн ала алады. Тек өтініш берушінің қолында электронды цифрлы қолтаңбасы болса, жеткілікті. Бұл қызметті қалай алуға болатыны туралы «Азаматтарға арналған үкімет» Шымкент қалалық филиалының  өкілдері  айтып берді.


Қала тұрғыны Мадияр Реджепов  осыдан 5 күн бұрын үй іргесіндегі көлікжайын рәсімдеуге өтініш берген болатын. Ол үшін үйінен шықпай-ақ, қолындағы смартфонның көмегіне жүгінді. Егов кз порталы арқылы өтініш беріп, бүгін құжаттың дайын болғаны жөнінде хабарлама алды.
Электрондық техпаспортты электронды үкімет порталында алу үшін «Жылжымайтын мүлік» бөліміне кіріп, «Жылжымайтын мүлік объектісінің техникалық паспортын алуға электронды өтініш беру» қызметін таңдау қажет. Пәтерлердің, жатақхана бөлмелерінің, жеке гараждардың және саяжай құрылыстарының құқық иелері онлайн сұрау салғаннан кейін тізімде көрсетілген құжаттарды тіркеуі қажет.
Құжатты дайындау мерзімі жылжымайтын мүлік түріне байланысты, дейді мамандар. Пәтер, жатақхана бөлмесі, жеке гараждар мен саяжай құрылыстарына рәсімделетін құжат қолтаңбамен расталып, мөр басылып берілетін құжаттағыдай бірдей деректерді қамтиды. Айта кетейік, Шымкент қаласы бойынша жыл басынан 5 мыңға жуық  тұрғындар жаңа техпаспортты электронды тәсілмен алған