Елімізде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде өтініштерді қараудың жаңа форматын қалыптастыру бойынша жұмыстар жалғасуда. Осы орайда, облыс, қала, аудан әкімдерінің халықпен кездесуде көтерілген мәселелер мен айтылған ұсыныстардың орындалуы қатаң бақылауда. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте осы бағыттағы жұмыстар мен жоспарлар талқыланды.


Облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Рабиға Джексембаеваның айтуынша, аудан, қалаларда өткізілген жеке қабылдауларда тұрғындар тарапынан жер қатынастары, тұрғын үй, ауыл шаруашылығы, білім беру, инфрақұрылым мәселелері жиі көтерілген. Жалпы жеке қабылдаулар барысында 400-ге жуық тапсырма беріліп, басым бөлігі орындалған. Бірқатары орындалу үстінде екен.
Жиында облыс әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс және аумақтық даму бөлімі тұрғындармен кездесулерде көтерілген тапсырмалардың орындалуы бақылауға алынғанын жеткізді. Тұрғындар тілге тиек еткен мәселелердің 170-і іс-шара жоспарына енгізіліп, басым бөлігі шешімін тапақан.
Халықпен кездесуде көтерілген мәселелер мен айтылған ұсыныстардың орындалуы қатаң бақылауда болуы тиіс деген, аймақ басшысы жиын барысында инфрақұрылымды дамыту, құрылыс бойынша негізгі бағыттарды жүйелеп, сол жоспар бойынша жұмыс істеген жөн екенін айтты.
Әрбір  аудан, қала әкімдіктері мен жауапты басқармалар өз құзіреті шеңберінде елдің талап-тілегін қанағаттандыру жолында тиянақты іс атқаруы тапсырған Дархан Сатыбалды, бұл жұмыстардың қатаң бақыланатынын жеткізді.