Үшінші мегаполистің бас жоспары 2023 жылы нақтыланады. Қазіргі таңда талқылау  жұмыстарының екінші кезеңі аяқталып қорытындыланды. Бұл орайда жергілікті тұрғындардың ой пікірлері ескеріледі. Ағымдағы жылдың мамыр, шілде айларында арнайы бас жоспардағы орын алатын өзгерістер мен толықтырулар туралы көрме ұйымдастырылып, көпшілік назарына ұсынылған. Нәтижесінде екі мыңға жуық азамат қатысып  200 ге жуығы өтініш-талаптарын жазбаша қалдырған. 


Бас жоспар жобасы 2035 жылы Шымкент қаласының тұрғындары екі миллионға жетеді деген есеппен жасалған. Жалпы үшінші мегаполистің бүгінгі аумағы 116 мың 200 гектарды құрайды. Бас жоспарды құруда қаланың экологиясына аса назар аударылды дейді қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы.
Көпшілік талқылауына түскен бас жоспар 2023 жылдың ақпан айына дейін жалғасады. Одан әрі  мамыр айында үкіметтің бекітуіне жіберіледі. Осы орайда құрылыс ауқымы анықталып, 31 миллион шаршы метр  тұрғын үй салу көзделіп отыр. Мамандардың сөзінше шаһардың қазіргі жай күйі  заман талабына сай емес. Себебі жеке тұрғын үйлер тығыз орналасып, абаттандыру нормалары артта қалған.
Енді бас жоспарға сәйкес айналма жолдарға өзгеріс енгізіліп, қоғамдық көліктер үшін жағдай жасалады. Тозығы жеткен үйлер сүріліп орнына жаңа үлгідегі көп қабатты үйлер салыну да көзделген.
Шаһарды  зерттеп, жоспарын дайындауға Киев, Минск, Санкт-Петербор және Новосибирск қаларының кәсіби архитектор мамандар қатысуда. Бірі транспорт жүйесінің дамуына ат салысса енді бірі сәулет және құрылыс саласын зерттеген.