Шымкентте Тәуелсіздік күні қарсаңында дзюдодан жастар арасында ашық турнир өтіп жатыр. Ұлы Отан соғысының ардагері Файзулла Сияұлын еске алуға арналған жарыс екі күнге созылады. Жарысқа қатысуға еліміздің барлық өңірінен, сондай-ақ Өзбекстаннан жас спортшылар келген. Жүлде қоры да қомақты,  демеушілер тарапынан қолдау тапқан.


Спорттық жарыстың мақсаты жастардың тәжірибе жинауына мүмкіндік алаңын туғызу. Жасөспірімдер осындай турнирлердің арқасында Азия  және әлем чемпонаттарына, Олимпиадаға қатысу үшін шыңдалады дейді,- ұйымдастырушылар.  
Қажымұқан атындағы спорт кешінінің жабық манежінде өткен татамидегі тартысқа Халықаралық дәрежедегі төрешілер төрелік етіп жатыр. Солардың бірі Жетісу облысынан келген Ерлан Бейсенбайұлының айтуынша, жастар жарысқа тыңғылықты дайындалып келген, қатысушылардың деңгейі жоғары дейді.
2003-2004 жылғы туған жастардың арасындағы дода 7 салмақ дәрежесі бойынша өтіп жатыр. Ұйымдастырушылар Қырғызстан мен Тәжікстаннан да спортшылар келмек болғанын, алайда шекарадан өтіп үлгермегенін хабарлады. Ал Өзбекстаннан 6 дзюдошы келген. Оның бірі Мейірбек Жорабеков қазақстандық спортшы, Олимпиада жүлдегері Елдос Сметовты үлгі тұтаныны айтады.
Жалпы Шымкенттегі дзюдо күресінің тарихы терең. Үшінші мегополистің спортшысы Галбадрах Отгонцэцэг 2016 жылы Рио Олимпиадасында қола жүлдеге қол жеткізгені мәлім. Халықаралық Гранд Слам, Гран При рейтингтік турнирлердің жеңімпазы Севара Нишанбаева да Шымкент тумасы. Сондай-ақ, 2021-2022 жылы жасөспірімдер арасында Азия Чемпионатында топ жарған шымкенттік спортшылар Талғат Орынбасар мен Сабина Юлдашбекова да Қазақстан намысын әлемдік додаларда қорғап келеді. Бүгінгі жарыс арқылы жас спортшылар Халықаралық додаларда сынға түсуге дайындалады.
Дзюдо дадасы 8 желтоқсанда, яғни ертең аяқталады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге медальдар, естелік сыйлықтар, сонымен бірге демеушілер тарапынан ақшалай сыйақы қарастырылған.