Шымкентте балалар дәрігеріне деген тапшылық жоқ. Бұл туралы қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы айтты. Өз сөзінде Нұрлыбек Асылбеков мырза салада атқарылып жатқан жұмыстардың қыруар екенін де айтты. жоғары технологиялық оталар саны жыл санап артып келеді. Өткен жылы қалада 250-ге жуық жоғары мамандандырылған ота жасалыпты.


Шымкент қаласы бойынша амбулаторлық деңгейде 13 мемлекеттік емхана және 32 жеке меншік медициналық орталық жұмыс істейді. Стационарлық деңгейде 15 мемлекеттік аурухана 3533 төсек орында және 25 жеке меншік аурухана 788 төсек орында қызмет көрсетіп жатыр. 2022 жылдың ресми деректеріне сәйкес, денсаулық сақтау жүйесіндегі медицина қызметкерлерінің саны 15256 адам болған, оның 4760-сы дәрігер, 10496-ы орта медицина қызметкерлері.  5225 медициналық қызметкер біліктілігін арттырды. Сонымен қатар шетел мамандарының қатысуымен 30 медицина қызметкері оқытылған.
Мемлекет басшысының 2022  жылды балалар жылы деп жариялағаны белгілі. Бастама аясында, қалалық балалар  клиникалық ауруханасында бөбектер денсаулығын жақсарту үшін оң өзгерістер болыпты. 2022  жылы балалар үшін ауруханада онкогематология, нефрология, интервенциялық кардиология, стоматология бөлімшелері ашылды. Нейрохирургиялық оталарды жандандыру мақсатында  соңғы үлгідегі заманауи аппараттар орнатылды. 2022 жылдың сәуір айында ауруханада  сәулелі диагностикалық орталық ашылды. Биыл аурухана дәрігерлері балалар кардиохирургиясы, офтальмология және  неонаталдық хирургия саласын дамытуды жоспарлап отыр. Басқарма басшысы осы уақытқа дейін талқыланып келген педиатрлар мәселесі қазір аса өзекті еместігін де айтты.
2022 жылы медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға • 1 млрд 1 миллион теңгеге 17 медициналық құрал сатып алынған. Медициналық техникамен қамтамасыз ету көрсеткіші 80 пайыздан асты. Ал  компьютер тапшылығы толық шешіліп, 100 пайыз қамтылған екен.