Түркістан облысында қара отын саудасындағы заңсыздықтарға бақылау күшейтілді. Облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде жылыту маусымының өту барысы және көмір жеткізудегі өзекті мәселелер талқыланды. Жиында облыс әкімі Дархан Сатыбалды көмір тасымалдаудағы кемшіліктер үшін өзінің бірінші орынбасарына, Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы мен Ауыл шаруашылығы басқармасының басшыларына сөгіс жариялады.


Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде Дархан Сатыбалды  
Басқарма мен аудан, қала әкімдері өз жұмыстарын төмен деңгейде орындағандықтан жылыжай иелері қиналып отырғандығын баса айтты. Сондықтан жауапты орынбасар мен басқармаларға жылыжай иелерімен кездесіп, көмек беру жолдарын қарастыруын айтты.
Сондай-ақ апталық мәжілісте өңір басшысы жылу беру маусымы бойынша тұрақты мониторлық жұмыс жүргізуді тапсырды.Ал, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Сәкен Далиевтің айтуынша, жылыту маусымы штаттық режимде өтуде. Бүгінде облыста 7 аудан, қалаларда 24 орталықтандырылған жылу қазандықтары және 1 жылу электр орталығы бар. Облыс аумағында ауа-райының сыртқы температурасы күрт төмендеп, орталық қазандықтардың осал топтары байқалған. Ол бойынша тиісті жұмыс жүріп, кемшіліктер жойылған.
Айта өтейік, қазіргі таңда орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етілген көпқабатты тұрғын үйлер мен бюджеттік мекемелерге жылу тұрақты берілуде. Облыста қара отынға деген қажеттілік  907 мың тонна болса, бүгінде  тасымалданғаны – 835,5 мың тонна. Аппарат мәжілісінде аудан, қала әкімдеріне қажетті көмір мөлшері бойынша нақты әрі дұрыс ақпарат беру, темір жол тұйықтарында немесе база, қоймаларда халықты тұрақты көмірмен қамтамасыз ету үшін көмір жеткізуші, сатушылармен тиісті жұмыстар атқару жөнінде тапсырмалар берілді.