Түркістанда «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту – аймақты дамыту» атты тақырыпта дөңгелек үстел өтті. Қазақстандағы әйелдер кәсіпкерлігін және гендерлік теңдікті дамыту Коалициясы ұйымдастырған басқосудың маңызы айрықша. Себебі, алқалы жиынның мақсаты – жаңарған Түркістан өңірінің бизнес саласындағы әлеуетін көтеру.


Басқосуда мемлекеттік органдардың өкілдері Түркістан облысындағы әйелдер кәсіпкерлігі мен шағын және орта кәсіпкерлігінің дамуы мен келешегі туралы ақпаратпен бөлісті. Коалицияның қызметі таныстырылып, Қазақстандағы әйелдер кәсіпкерлігін ынталандыру бойынша ұсыныстар талқыланады. Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) өкілдері банктің тарапынан шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау мен «Бизнестегі әйелдер» бағдарламасы туралы ақпарат берді. Ал, облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев жиынның маңыздылығына тоқталды.
ҚР Ұлттық экономика министрлігіне қарасты кəсіпкерлікті мемлекеттік қолдау жəне қорғау департаменті директорының орынбасары Мерей Исаеваның пікірінше, кәсіпкерлікті дамыту бағытында нәзік жандылардың үлесі мол. Ал  Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Баян Жандосова да тақырыпқа қатысты маңызды ойлар қозғады. Өзге де спикерлер әйелдерді кәсіпкерлікеке баулу, оларға қолдау көрсету бағытында баяндамалар жасады.
Қазіргі таңда Көпбалалы аналар саны бойынша Түркістан облысы бірінші орында. Жалпы алғанда облыс көлемінде 184 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік жұмыс істейді. Осылардың ішіндегі 45 мыңға жуық әйел шағын және орта бизнеске басшылық жасап келеді. «TURKISTAN» Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында КММ-нің өткен жылдың қорытындысы бойынша 1507 бизнес-жоспар жасалған. Аталған бизнес-жоспардың 466-сы – әйелдердің, қыз-келіншектердің идеясы. Сонымен қатар  өткен жылға 1007 жоба сүйемелденіп, қаржы қаралған болса, оның 266-сы әйелдер кәсіпкерлігіне тиесілі болды.