Шымкентке2022 жылы 550 миллярд теңгеге жуық инвестиция тартылған. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 13,8 пайызға артық. Бұл туралы арнайы баспасөз брифингінде қалалық кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары Біржан Әзімбердиев өткен жылды қорытындылап, ағымдағы жылдың жоспарларымен бөлісті.


Өткен жылдың 12 айында атқарылған жұмыстарды баяндаған салаға жауаптылар, әр сала бойынша тоқталып өтті. Мәселен, шаһарда өткен жылы 51,4 млрд теңгеге  1200 ден астам жаңа жұмыс орнымен 14 ауқымды жобалар іске қосылған.
Сондай-ақ, өткен жылы кәсіпкерлікті қолдау мақсатында 15,6 млрд теңгеге қаржы бөлініп, 4891 жобаға қолдау көрсетілген. Сонымен қатар, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мақсатында республикада алғаш рет әкімдік тарапынан «Іскер қала» өңірлік бағдарламасы жүзеге асырылуда.
Айта кету керек, «Іскер қала» іс-шара жоспары аясында 2022 жылға «Даму» қорымен бірлесіп жалпы 944 млн. теңге бөлінген. Іс-шара аясында 890,4 млн. теңгеге 100 жобаға қолдау көрсетілді, оның ішінде 92 жобаға 800 млн. теңге шағын несие берілді және 57 млн. теңгеге пайыздық сыйақы субсидияланды, 33,4 млн. теңгеге 8 жобаның өндірістік алаңының жалдау ақысы өтелген.