Статистикаға сүйенсек, ересектерге қарағанда 5 жасқа дейінгі балалар тұмаумен жиі ауырады. Өкінішке қарай, бізде балаларға қарағанда ересектердің вакцина алу деңгейі жоғары. Яғни, ересектер өздерінің денсаулығын ойлайды да, кішкентайларды ұмытып кетеді. Сондықтан  вакциналау шараларына мән беру керек дейді Түркістан облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының мамандары.


Отбасында тұмауға шалдыққан адам болса ең басты талап – ауруды көпшілікке таратпаудың жайын қарастыру керек.  Балабақшаға, мектепке, сондай-ақ жұмысқа барудың қажеті жоқ. Бұл ретте «тұмаумен ауырған адамның өндірісте пайдасынан гөрі зияны басым» деген түсінікті назарға алған жөн. Бұдан кейін адамдар тұмауды көбінесе қоғамдық көлікте жұқтырады. Сондықтан дәрігерді шақырып, ал дене қызуы қатты көтерілген жағдайда жедел жәрдем қызметінің көмегіне жүгінген абзал.
Түркістан облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының мамандары  ескертеді. Мүмкіндігінше адамдар көп жиналатын жерлерге баруды әлі де шектей тұрғанымыз жөн.  Әсіресе балаларды ауасы желдетілмейтін ғимараттарға апармау керек . Ауруға қарсы тұру үшін ағзаны дәрумендермен барынша толықтырып, жасанды дәрумендерді, сондай-ақ жеміс-жидектерді көбірек тұтынған дұрыс. Аурудан сақтануда, ағзаның инфекцияларға қарсы иммунитетін арттыруда лимон, анар, киви өнімдерімен қатар итмұрын, қарақат қайнатпаларын, ал түнге қарай табиғи фитонцид болып саналатын сарымсақ пен пиязды тұтынуға кеңес береді.