Интернетте кезекті алаяқтар пайда болды. Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы заңының қабылданғанын пайдаланып оңай олжа табуға ниеттенгендер көбейіпті. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері айтты. Аталмыш заң ережелерін халық арасында түсіндіру жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.


Қаламызда ҚР Мемлекеттік кірістер комитетінің қызметкерлері жергілікті халық арасында, тікелей проблемалық несиесі бар азаматтарға, аудиторлар палатасының өкілдері мен заң консультанттарына, жалпы қоғамның қатысуымен ашық түрде семинар - кеңес өткізді. Аталмыш жиында азамат өз-өзін банкротпын деп жариялау  және  жариялағаннан кейінгі шартнамалар сөз болды.
Аталған заңның басты мақсаты азаматтардың борыштық жүктемесін азайту, қарыздар бойынша төлемдерді ынталандыру сонымен қатар әлеуметтік шиеленісті жеңілдету болып табылады. Заң азаматтардың банкроттықты қолдану рәсімдерінің үш түрін қамтиды, атап айтқанда; 1.Соттан тыс банкроттық 2. Сот банкроттығы 3. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру мәселесі. Осы аталған үш процедураны борышкердің өзі өтінім беру арқылы бастай алады.
Мамандардың сөзіне қарағанда, әлеуметтік желілерде тіпті «OLX» «Market» және т.б платформаларда «Үш жүз мың теңге берсеңіз, сіздің несиеңізді жойып береміз» деген сынды жарнамалар көбейген. Салық органдарының қызметкерлері халықты мұндай жарнамаларға сенбеуге шақырады. Себебі бұл процесc EGOV.KZ порталы арқылы тегін жүзеге асады.