Мамыр айының соңына дейін бензин мен дизель отынын көлікпен тасымалдауға тыйым салынды. Энергетика министрлігі мұндай шараға ішкі нарықтағы жанар жағармай өнімінің тапшылығын жою мақсатында барып отыр. Енді мұнай өнімдерінің жетіспеушілігін болдырмау мақсатында  «ҚазМұнайГаз» бен «Қазақстан теміржолы» базасында резервтер құру жоспарланып отыр.


Елімізде 200 мың тонна мұнай өнімдерінің резерві «ҚазМұнайГаз» бен «Қазақстан теміржолы» базасында құрылады.  Ал, көктемгі дала жұмыстарына қажетті дизель отынын жөнелту  жылдағыдан бір ай бұрын басталады. Бұған дейін наурыз айында қолға алынған іс енді ақпан айында жүзе асырылады.   
Шымкенттегі мұнай өңдеу зауыты биыл жоспарлы жөндеуден өтпек. Салдарынан мұнай өнімдерін өндіру 300 мың тоннаға кем болады. Сондай-ақ Атырау мұнай зауытындағы құрылғының істен шығуы жығылғанға жұдырық болғандай.  
Қауымдастық өкілі елдің ішкі қажеттілігін толық қамтамасыз ету үшін жанар-жағармай материалдарын заңсыз шығару әрекеттеріне бақылауды күшейту керек дейді. Әсіресе әр өңір өзінің қадағалау механизімін қалыптастыру керек екен.
Шымкент қаласының бензин өніміне қажеттілігі айына 40 мың тонна болса,  ақпан айында 34 мың тоннаға жуық өнім қарастырылған. Жауаптылар көктемгі егін науқанында сұраныс артуы бек мүмкін деп отыр.