Көп балалы аналар кәсібін бастауға мүмкіндік алды. Оларға Қазақстандағы Кувейт елінің «Бүкіләлемдік Исламдық қайырымдылық қоры» қолдау көрсетіп, көмек беруде. Кондитер және тігіншіліктің толық курсын тегін тәмәмдаған 20 ана бүгін қолдарына сертификаттарын алып, қажетті құрал жабдықтармен қамтылды.
Айнұр Рүстемова үшін бүгін ерекше күн. Арманының алғашқы баспалдағына қадам басып отырған көп балалы ана қолына тігіншілікті растайтын сертификат алып, қажетті құралдармен толықтай қамтылып отыр. Жолдасының азғантай айлығы мен 5 баласына берілетін жәрдемақыға жан бағып келген отбасының енді өз кәсібі болады.
Айнұрмен қатар, тігіншілік пен кондитерліктің 3 айлық курсын толық тәмәмдаған 20 келіншек те бүгін қолдарына сертификат алып, бизнесін бастауға мүмкіндік алды. Оларға дем беріп, қолдау көрсеткен Кувейт елінің елшілігі кәсіптеріне қажетті қайшыдан бастап, тігін мәшінкесіне дейін, тәтті нанды пісіріп, оны сақтауға арналған құрал жабдықтарды сыйға тартты.
Кәсіпкер келіншектер 1,5 жылдың ішінде Кувейт елшілігінің жанындағы Халықаралық Ислам қайырымдылық қорының бақылауында болады. Осы уақыт аралығында олар, бизнестерінің аяқ алысы жайында ақпарат беріп отырулары тиіс. Жоба жемісін берсе, қор өкілдері әрмен қарай жалғастыратындықтарын жеткізді.
Кувейт елінің елшілігі ел аумағында жұмыс жасап келе жатқанына биыл 30 жыл! Осы аралықта мыңдаған қайырымдылық жобаларға мұрындық болған, олар әлеуметтік аз қамтылған жанұяларға көмек қолдарын созумен қатар, емхана, көпір, мешіт салу ісімен айналысып, елдің мұқтаждығын өтеп жүрген жайы бар. Арадағы достықтың әдемі үлгісін көрсете білген елшілік өкілдеріне «Дустлик» қауымдастығы «Достық» төсбелгісімен марапаттады.