Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Түркістан қаласындағы №133 сайлау учаскесіне барып, өз таңдауын жасады. Бұл учаскеде 2 мыңнан астам сайлаушы тіркелген. Аталған аумақта сайлаушылардың белсенділігі өте жоғары. Олардың арасында 18-ге енді толған жастар мен зейнеткерлер бар.
Түркістан облысында үміткерлердің жалпы саны – 1211. ҚР Парламенті Мәжілісіне – 19 үміткер, облыстық және аудан, қалалық мәслихаттарға – 1192 үміткер тіркелген. Бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша – 1112, облыстық мәслихатқа 23 округ бойынша – 81 кандидат, аудан, қалалық мәслихаттарға 292 округ бойынша – 1031 адам кандидатурасын ұсынған. Партиялық тізіммен тіркелгендер саны – 80. Жалпы бірмандатты округтер бойынша үміткерлер саны – 1131.Облыста 1 168 658 сайлаушы бар. Бұл – республика бойынша ең жоғарғы көрсеткіш. Дауыс беру кезінде облыстағы 941 сайлау учаскесінде 8 мыңнан астам байқаушы жұмыс істеп жатыр.Сайлау күні мүгедектігі бар жандарға да тиісті жағдай жасалған. Барлық өңірдегі сайлау учаскелерінде Брайль шрифті бар трафареттер, кандидаттар тізбесі бар бюллетеньдердің аудио нұсқалары қолжетімді. Сондай-ақ сайлау учаскелерінде санитарлық талаптар сақталған.