«Қазақстан» телерадиокорпорациясының ұйымдастыруымен өтіп жатқан бұл «Сайлау-2023» онлайн марафоны телеарнаның сайтында және Facebook пен YouTube желісінде таңғы 9-дан бері үздіксіз көрсетілуде. Ауқымды шараның биылғы ерекшелігі қандай? Марафон қатысушылар қандай тақырыптарды ортаға салуда?
Белгілі саясаттанушылар, министрлер мен қоғам белсенділері, өнер жұлдыздарының дені бүгін «Қазмедиа» орталығында жүр. «Қазақстан» телерадиокорпорациясы ұйымдастырған марафонға көрермендерді қосқанда барлығы 2 мыңдай адам келді. Мұнда бірнеше алаң бар. Жүргізушілер спикерлерден сұхбат алса, әншілер ән салып, стендаперлер әзіл айтады. Әрі TED-x форматында монологтар айтылды.
Сайлаушылардың белсенділігі бойынша сағат сайын халықаралық байқаушылар, прокуратура мен ішкі істер министрлігі өкілдері ақпарат беріп отыр. Онлайн-марафонның бір ерекшелігі - «Дебат алаңы». Мұнда қатысушылар жасанды интеллект, бала тәрбиесі, интернет контентті бақылау, ауылды дамыту, әлемдік миграция тақырыбында пікір алмасса, қонақтар «Экспресс-камера» арқылы ойын білдіріп жатыр.
«Қазмедиа» орталығының киноконцерт залында өтіп жатқан марафон түнгі 1-ге дейін жалғасады. Осы алаңда дауыс берудің алдын ала нәтижелері бойынша Exit-poll қорытындысы жарияланады.