Түлкібасты түрлендіруде тиянақты тірлік керек. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды осылай деді. Түлкібас ауданын дамыту үшін не істеу керек? Қандай салаларға, бағыттарға басымдық берген жөн? Ауданды өркендетуде қандай индикаторлар орындалмай отыр? Мәселелерді шешу жолдары бар ма? Өңір басшысы жауапты басқарма басшыларына сұрақты жаудыра түсті.

Аудан, қаланы аралап жүрген әкім мәселенің бірдей екеніне көз жеткізіпті. Көтерлген проблемалар мазмұндас. Көпшілігіне қосымша қолдау, бюджеттен қаржы бөлу керек. Бірақ қолда бар ғимараттарды дұрыс күтіп ұстап отыра алмай жатқан сәттер  қынжылтыпты. Немқұрайдылықтың салдары тазалық пен тәртіптің нашарлауына әкеліп соғып жатыр. Түлкібас ауданындағы көпқабатты тұрғын үйлер мен медицина мекемелерінің біразының маңындағы санитарлық тазалық талапқа сай емес болып шықты. Мектептер де бар. Көшелер мен жолдардың сапасын артыру керек екен.  
 Мәжілісте Дархан Сатыбалды аудан әкіміне зерделеу жұмыстары нәтижесі бойынша анықталған кемшіліктерді жоюды тапсырды. Ауданды дамытуда басқармалармен бірлесе жүйелі жұмыс атқару жөнінде тапсырма берді. Аймақтың кіріс көзін ұлғайту, жастарды қолдау, денсаулық, білім салаларындағы мәселелерді шешу, аудан инфрақұрылымын жақсарту, жаңа кәсіпорындар ашу керектігін ескертті. «Ауыл аманаты» жобасын сапалы жүзеге асыру және мемлекеттік бағдарлаламаларды тиімді пайдалану керек. Тұрғындарды еңбекпен қамту және өзге де мәселелерді қозғап, жұмысты ширату керектігін жеткізді. Ал аудан әкімі баяндамасын оқып, жетістіктерді жіпке тізді.    

Түлкібас ауданында негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 2022 жылы 18,6 млрд. теңгені құрады. 2023 жылдың жоспары – 23,4 млрд. теңге. Алдағы 3 жылда өнеркәсіп саласы бойынша жалпы құны 322,9 млрд. теңгелік 8 жобаны іске асыру көзделген.