«Көшеміздің көркі атына сай емес»! Қаратау ауданына қарасты Бозарық елді мекенінің тұрғындары осылай арызданып отыр. Тас жолдың азабын тартқандар өтініштерін Аманат партиясына жолдаған. Бүгін билік өкілдері тұрғындармен кездесіп, мәселеге нүкте қойды.

 Егемен Қазақстан көшесіне тұрғындардың алғышқы легі осыдан 15 жыл бұрын қоныстанған. Ауызсу, жарық, көгілдір отынның мәселесі кезең-кезеңімен шешілген. Алайда жолдың жыры әлі бітпей тұр.
 Гүлнара Пердебаева

Шымкент қаласының тұрғыны
- Енді мына балалардан обал. Лай, су болады. Қыстың күндері жүре алмайды. Біз енді айтпаған адамымыз қалмаған еді. Қазір мына кісілер келіп көріп жатыр.

Лай-батпақтан көз ашпаған тұрғындар талай есікті тоздырған. Жергілікті әкімдіктен мардымды жауап болмаған соң, Аманат партиясының қоғамдық қабылауына өтініш білдірген. Соның аясында партия өкілдері азаматтардың арызын қанағаттандырмақ ниетте.
Бахадыр Нарымбетов

Аманат партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы
- Қазір бұл жерде құжат дайын, мердігер анықталып отыр. Көпке ұзатпаймыз, 5 күннің ішінде жол төсеу жұмыстарын бастап кетеміз.

Қазір Бозарық елді мекенінде 15 мыңдай тұрғын бар. Азаматтардың арызы негізінде Егемен Қазақстан көшесіне асфальт жолмен қатар балалар алаңшасын салу ісі де қолға алынбақ.
 Рахымберді Мүлкеманов

Қаратау ауданының әкімі
- Біз тағы 1-2 жер анықталған болатын. Оны кейін иелері табылды. Бірақ біз картамен анықтап бос жерлерге балалардың ойын алаңшаларын саламыз. Сол бағытта жұмыс істеп жатырмыз.

Айтып өтейік, Аманат партясының қоғамдық қабылдауына 2500-дей арыз түскен. оның 90 пайыздан астамы қанағаттандырылады. Сайлауалды бағдарламада көрсетілген әлеуметтік мәселелерді шешу бағытындағы жұмыстары да нәтежиелі.