Шымкенттің шекарасы қайта қаралғаннан кейін кейбір ауданның инфрақұрылым мәселесі де өзгеріп шыға келді.  Мәселен, бұрын Еңбекші ауданына қараған қала орталығындағы мөлтекаудандар  өзге ауданға, ал Еңбекшіге қала сыртындағы елді мекендер қосылып отыр. Енді шалғайдағы шағын аудандардың кәріз жүйесі мен жол мәселесін шешу аудан әкімі Досбол Есілбектің мойнында тұр.
 
Шымкенттің Еңбекші ауданында 228 мың халық тұрады.  Қала шекарасына өзгеріс енгеннен кейінгі ауданда 29 шағын аудан мен тұрғын алап қалыптасты. Мұнда халық шоғырланған аумақтың негізгі бөлігі инженерлік жүйелермен қамтылған. Атап айтсақ, ауыз су мәселесі 94,5 пайыз, электр жарығы 98,3, табиғи газ 90,4, кәріз жүйесі 41 пайызға шешілген. Ал жолдардың 74 пайызы асфальтталған.  

Қалаға қосылған 7 елді мекендегі ауыз су құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Қарабастау, Жұлдыз, Қаратөбе, Тоғыс, Жыланбұзған, Айнатас тұрғындары жақын арада тазха суға қол жеткізеді. Аудан аумағына жаңадан қосылған «Исфиджаб» тұрғын алабын сапалы ауыз сумен қамту мақсатында қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу іс-шарасы жүргізіліп жатыр.

Аудан аумағында 9 елді мекенде, атап айтсақ Абдуллабад, Тұрдыабад, Бадам-1, Оңтүстік ш/а, Қаратөбе, Тоғыс, Маятас, Айнатас, Бадам-аб-да  жалпы 2013 абонентке сапалы электр желісі тартылды.  2023 жылы Исфиджаб елді мекенінде ЖСҚ әзірлеу жұмыстар жүргізіліп жатыр, сонымен қатар Қарабастау Жаңақұрылысында Саулет-жоспарлау тапсырмасы әзірленеді. Сондай-ақ, қазіргі таңда 5 елді-мекеннің жаңақұрылыс аймағындағы Қарабастау, Жұлдыз, Жалын, Қаратөбе, Оңтүстік тұрғын алаптарын газбен қамту бойынша жобалау-сметалық құжат әзірленіп жатыр.

Аудан аумағында «Ұлағат» шағынауданында кәріз жүйесінің құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр, нысан құрылысы 2023 жыл қорытындысымен аяқталады. Жұлдыз тұрғын алабындағы көпқабатты 27 үйді кәріз жүйесімен қамту мақсатында құрылыс жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда нысан құрылысы аяқталған, ағымдағы жылы меншік иелері тарапынан пәтерлерді мамыр айынан бастап абоненттеу жұмыстары жүргізіледі. Жалпы ауданда жолдардың 73,1%-ы яғни 535,77 шақырымы асфальт, 158,38 шақырымы тас, 38,76 шақырымы топырақ жол. 2023 жылы ұзындығы 45,5 шақырымды құрайтын 73 көшені жөндеу жоспарда бар.