«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалында қоғамдық қабылдау болып өтті. «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында қала тұрғындары тәжірибелі заңгерлер мен білікті мамандардан құқықтық сауалдарына жауап алды.

«Құқықтық көмек» жобасы тұрғындарға тегін заңгерлік кеңес беруді көздейді. Шара аясында «АМАNАТ» партиясының республикалық қоғамдық қабылдауының консультанты Ардан АРАЛБАЙ  және «АМАNАТ» партиясы Шымкент қалалық филиалы Атқарушы хатшысының орынбасары Ерлан АЙТБАЕВ келушілерді тыңдады. Заңгерлер кеңес берді.

Ардан Аралбай

«AMANAT» партиясы Республикалық қоғамдық қабылдау бөлімінің консультанты
- Бұл жоба қаңтар айынан бастап жүзеге асып келеді. Халықтың құқықтық сауатын арттыру мақсатында заң саласындағы түрлі ұйымдармен келісімдер жасалды. Шымкент халық тығыз орналасқан аймақ. Мұнда көбінесе, әлеуметтік мәселелер бойынша арыз-шағымдар келіп түскен. Әсіресе, алимент өндіру, алаяқтық пен тұрғын үй мәселесі ең өзекті.  

Қабылдауға келген азаматтардың басым бөлігінде қаржылық сауаттылық, кепілсіз несие бойынша банкрот деп тану және өзге де мәселелер төңірегінде сұрақтар болды.  Алимент өндіре алмай жүрген азаматшалар көп. Сондай-ақ, жер телімін заңдастыру бойынша арызын арқалап келгендер де заңгерлердің кеңесіне жүгінді.

 «Құқықтық көмек» партиялық жобасының негізгі мақсаты - халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру. Нақ осы жоба бойынша 440 тұрғыннның мәселесі тыңдалды. Соның тең жартысына жуығы оң шешімін тапты. Арыз-өтініштерді бойынша заңгер, адвокат, медиатр мамандар қабылдады. Мұнда шара аптасына бір мәрте ұйымдастырылады. Айта кетейік, былтыр партияның қалалық филиалына 10 мыңға жуық адам түрлі жағдаймен көмек сұрап, өтініштерін қалдырды.