«Құрғақ есепке құрылған баяндама кімге керек?» Осылай деген облыс әкімі Дархан Сатыбалды өңірдегі ветеринария жұмысын сынға алды. Түркістан облысында ветеринариялық іс-шаралардың өткізілу барысы мен саладағы өзекті мәселелер облыс әкімі аппаратының апталық отырысында жан-жақты талқыланды.

Облыста ветеринария басқармасы өткен жылдың желтоқсан айында құрылған болатын. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды ветеринария саласы реформалауды қажет ететінін айта келе бұл саладағы жұмыс барысын сынға алды.Ветеринария саласындағы қордаланған мәселелерді ортаға салған басқарма басшысы Ғани Құрманбай оларды шешу үшін алдағы жылдарға бюджеттік бағдарламаға енгізуді ұсынды.Облыста 186 ветеринариялық бекет бар. Олардың біразы қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуді қажет етеді.

Талдау барысында ветеринариялық шаралар бойынша бірқатар кемшіліктер тіркелген. Вакцина егу бойынша да олқылықтар анықталған. Мәжілісте анықталған кемшіліктер сала мамандарының кей дерекқордың дұрыс жүргізбеуінен және ондағы ақпараттың жаңартылмауынан, жүктелген функцияларды дұрыс немесеуақтылы орындамауынан туындағаны айтылды.

Өткен жылдың қорытындысымен өңірде атқарылған ветеринариялық іс-шараларға талдау жүргізіліп, нәтижесі ортаға салынды. 2022 жылы өңірде 1 млн астам  ірі қара мал басы, 4,5 млн  ұсақ мал тіркелген. Олардан 247 мың тонна ет және 767 мың тонна сүт өндірілген. Облыста жануарлар мен адамға ортақ 16 түрлі аса қауіпті ауру түрі тіркелген. Осы аурулардың алдын-алу үшін, уақытылы ветеринариялық шаралар яғни, диагностикалық зерттеу мен вакцинациялау атқарыла отырып, эпизоотиялық тұрақтылық қамтамасыз етілуі қажет.