Мерзімді қызметтің 100-ге жуық сарбазы ЖОО тегін оқуға мүмкіндік алды. Өткен сенбіде оларға салтанатты түрде сертификаттар табысталды. 2-2022 әскерге шақыру сарбаздары да запасқа шығарылып, Қазақстан Республикасына адал қызмет етуге ант етті.

Бұл Шымкентте орналасқан 6506 әскери бөлімінің саптық алаңы. Салтанатты шара, сарбаздар үшін ерекше рухты сәт. 97 әскер өздерінің қала, облысында орналасқан оқу орындарына тегін білім гранттарын жеңіп алды.   

Сарбаздарға тегін оқуға жолдама оңайлықпен келген жоқ. Грант алудың критерилері бар. Әскер өзінің қуатты армия сапында болуға лайықты екенін дәлелдеуге тиіс. Айта кету керек, бұл жоба азаматтарды мерзімді әскери қызметке ынталандыру, сарбаз беделін арттыру мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып отыр. Ата-аналардың айтуынша, бұл балаларды ынталандыру үшін тиімді тәсіл.

 «Срочник-02» жобасы былтырдан бері өзінің жемісін беріп жатыр. Әскер қатарына өз еркімен аттанатын азаматтар саны көбейіп, сарбаз болудан қашатындар азайыпты. Республика бойынша биыл Ұлттық Ұлан қатарынан 6000-нан аса сарбаз іріктеліп, конкурс жеңімпаздары атанған.  

Мерзімді әскери қызметтен өткен сарбаздар осы сертификаттармен ЖОО-на екі жыл ішінде тегін түсе алады. Жастарды мерзімді қызметке күштеп емес, демократиялық жолмен тарту, ынталандыру – гуманды елдің тәсілі дейді министрліктегілер.