Салауатты өмір салтын насихаттайтын мамандар «дүниежүзілік бала емізу» апталығын ұйымдастырып жатыр. Бұл жетіде сәбиді табиғи сүтпен құнарландыру, әкенің де отбасы ісіне араласуы мен ананың психикалық, физикалық денсаулығын жақсарту мәселелері көтеріліп, түрлі шаралар қолға алынып жатыр. Соның бірі Түркістан облысы, Төлеби ауданындағы ауруханада өтті.

Бүгінгі отбасылық сайыста бағын сынаған 3 жұптың бірі - Кәрібековтер отбасы. Олар үлкен әулетте тұрады. Бала да қамқорлық пен қолдаудың арқасында өсіп жатыр дейді. Ана 8 айлық қызын өз сүтімен емізеді, әзірге қорек ретінде жетеді, қосымша тамақ бермеймін деп отыр.

Төлеби аудандық ауруханасының салауатты өмір салтын қалыптастырушы дәрігерлері спортты, дұрыс тамақтануды ұдайы насихаттайды. Кезекті жарыста да спорттық нөмірлер мен өмірлік жағдаяттарға қатысты тапсырмалар жинақталған. Ал салауатты өмір салтын сақтау орталығының ТО мен Шымкент қаласы бойынша филиалының жетекшілері шараға қолдау білдіріп, ұйытқы болып отыр.

Қазір балаға қосымша тамақ өнімдері жеткілікті. Құрамы 100 пайыз табиғи, таза болғанымен, ешбірі ана сүтін алмастыра алмайды. Адамның алғаш татар нәрінің маңызы зор. Ана үшін де, бала үшін де берері ұшан-теңіз. Соңғы зерттеуге сәйкес, көп аналар алдыңғы сүтті су сияқты болған соң, құнарсыз деп ойлап, сауып тастайды да, баласын тек артқы сүтпен емізеді. Бұл дұрыс емес екен. Себебі алдыңғы сүттің құрамында балаға артқы сүттің майлылығын қорытуға көмектесетін пайдалы заттар болады. Табиғат қателеспейді, сондықтан мамандар аналарға әркімге емес, тексерілген дереккөзге сеніп, баланы сау өсіруді насихаттап жүр.