«Мектепке жол» акциясы аясында берілетін 43 500 теңге мектеп формасы мен кеңсе тауарына жұмсалуы қажет. Оның есебін ата-ана чекті көрсету арқылы немесе заттай бере алады. Бұл жөнінде жаңа оқу жылына дайындық барысы туралы баяндаған білім басқармасының басшысы Нұргүл Шәмшиева айтты.
ЛАУРА САРМАН, ТІЛШІ
«Жарты айдан соң жаңа оқу жылы басталады. Білім жүйесінде жаңалық көп емес десек те, осыған дейін енгізілген жобаларды жетілдіру жоспарда бар. Оқушылардың автобуста тегін жүруі, «төлем» картасы арқылы тамақтанып, кітапханаға баруы – әрі қауіпсіздік әрі есеп. Ұстаздардың демалысы мен жүріс-тұрысына қатысты әлеуметтік желіде түрлі контент тарады, осы тұста мұғалім мәртебесі туралы тағы еске түсірген артық болмас. Нұргүл Шәмшиева білім берушінің статусы – ең алдымен өзіне байланысты деді»
Жиын барысында жекеменшік мектептердегі білім сапасы туралы да айтылды. Олардың білім жүйесі мемлекеттік мектептен айырмасы болмауға тиіс. Себебі, стандарт ортақ. Оны тексеретін әр мектепте бақылау жоспарлары бар. Басқармада бақылау болмағанымен, зерделеу мен мониторинг жүргізіледі.
ЛАУРА САРМАН, ТІЛШІ
«Сонымен, биыл «Мектепке жол» акциясы аясында Шымкентте 56 183 балаға көмек көрсету жоспарланған. Бұл мақсатқа 2,5 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлініп отыр. 3500 бала тиісті көмек алса, қалған оқушыларға 20 тамызға дейін қаражат түгел аударылып бітеді»