Шымкенттік полицейлер ішінде жарты миллион теңгесі бар жоғалған сөмкені иесіне тауып берді. Түркістан облысының тұрғыны барсеткасын автокөлік жолында түсіріп алдым,-деген уәжбен тәртіп сақшыларына арызданған.
Осының негізінде жедел басқару орталығының инспекторлары бейнебақылау камераларындағы жазбаларды қарап шыққан. Ер адамның қозғалыс бағытын жіті бақылаған. Белгілі болғандай, сөмкені сол жолдан жүріп өткен көліктің жүргізушісі алып кеткен. Автокөлікті тауып, тоқтату үшін патрульдік полиция полкінің қызметкерлері бағытталған. Осылайша екі сағат ішінде тәртіп сақшылары жоғалған затты тауып, ішіндегі ақшасымен бірге иесіне қайтарып берді. Өз кезегінде азамат құқық қорғаушыларға жедел жұмысы мен адалдығы үшін шын жүректен ризашылығын білдірді.