Түркістан өңірін туристік бағытта жандандыру үшін арнайы жол картасы әзірленді. Онда негізгі 6 тарау қарастырылған. Атап айтқанда, туристік нысандардағы инфрақұрылымды жетілдіру, қызмет көрсету сапасын арттыру, маркетинг жұмыстарын күшейту, «Open Turkistan» мен аудан, қала әкімдіктерінің жұмысын жандандыру мәселелері қамтылған. Бүгін осы және өзге де жобалар облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте таныстырылды. Өңір басшысы туристік әлеуетті арттыру бағытындағы жұмысты күшейтуді тапсырды.
Жиында Түркістан облысының туризм басқармасының басшысы Нұрдәулет Медеуов баяндама жасады. Жол картасын орындау нәтижесінде 2025 жылдың қорытындысымен ішкі туристердің санын 25%-ға, шетелдік туристердің санын 2,5 есеге, туризм саласындағы қызмет көлемін 30%-ға жеткізу күтілуде. Өңірдегі танымал туристік орындар мен нысандар жүйеленіп, дамиды. Осыған байланысты, әлеуеті жоғары 10 туристік нысан таңдалып алынған. Туристік нысандардың ақпаратын жаңарту және әдістемесін дайындаудан бөлек, гид-экскурсовод қызметінің сапасын арттыру қаралып отыр.
 Биыл, туризм саласы бойынша облыс аумағында жалпы соммасы 37 туристік инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Медиа алаңдар мен әлеуметтік желілерде өңірдің туристік әлеуеті жайлы ақпараттар мен жан-жақты материалдар таратылуда. Түркістанға келетін халықаралық әуе рейстерінің санын арттыру мақсатында Венгрияның «Wizz Air» авиакомпаниясымен бірлескен жұмыс нәтижесінде іске қосылған «Түркістан – Әбу-Даби (БАӘ)» әуе бағыты бойынша рейстердің саны артады.