Ауа-райының құбылмалы мінезіне, қарына, жаңбырына, аптап ыстығы мен саршұнақ аязына қарамай тынымсыз еңбеп етіп, ел дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан еңбеккерлер – мақтау мен мадақтауға лайық. Осы ұранды бетке алған қала әкімдігі «Еңбек күні» қарсаңында түрлі сала өкілдерін марапаттап, көпке үлгі етті. Сондай-ақ шара аясында бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылып, оған 100-ге жуық жұмыс беруші мекеме тартылды. 2 мыңнан аса ваканция ұсынылып, 1500-ге жуық жұмыссыз жас өтінім берді.
Оқу орнын қызыл дипломмен аяқтаған Гүлназ – президенттік грант иегері. Зейіні зерек, білімі теңіз бойжеткен, стандарттау және сертификаттау саласын меңгерген. Мамандығына сай жұмыс іздеп, кәсіпорын қызметкерлерімен байланысқан ол: «Мұнда таңдау көп, жұмыс орындарын салыстыра қарап, қажетті ақпарат алдым» - дейді.
ГҮЛНАЗ БАТЫР – ЖҰМЫС ІЗДЕУШІ
– «Бүгінгі жәрмеңкеде көбіне мұғалімдерді, медициналық клиникаларға косметологтар іздейді екен. Бас жақта әскери қызметкерлерді байқадым, өрт сөндірушілерді іздейді екен»
Шараға қала әкімінің орынбасары арнайы қатысып, жастарға сәттілік тіледі. Жұмыс барысын қадағалап, жастарға бағыт-бағдар берді. Сондай-ақ жәрмеңкеге жұмыспен қамту орталығы да арнайы қатысып, жастарға мемлекеттік бағдарламалар легін таныстырды. Жауаптылардың айтуынша, мұндай жәрмеңкелердің өнімділігі жоғары.
БАҒДАТ АРҚАБАЕВ – ЕҢБЕК МОБИЛЬДІГІ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ
– Биылдыққа 3-ші жәрмеңке. Соңғысы 2024 жылдың шілде айында өтті. Шілде айындағы жәрмеңкеге мыңға жуық адам қатысып, 500-і жұмыспен қамтылды. Яғни, 50-60 пайызы жұмыспен қатылып отырады.»
Шарада үздіктер марапатталып, арнайы алғыс хаттармен мадақталды. Мұндағы мақсат жұмысшы мамандарын дәріптеп, еңбеккерлерге құрмет көрсету. Жиын соңы мерекелік концертке ұласып, мәдениет қызметкерлері «Арбат» алаңын ән-бимен әрледі.