ҚР Бас прокурорының  тапсырмасына сәйкес Жетісай ауданында есірткі айналымының алдын алу мақсатында «Нашақорлықа жол жоқ» акциясы өтті. Шара аясында жалпы халықтық жүгіру марафоны ұйымдастырылып, оған 500-ге жуық тұрғын қатысты. Шаңырақты шайқап, отбасының ойранын шығаратын кеселге ел болып қарсы тұруымыз қажет. Осылай деген ұйымдастырушылар жастарға есірткіге қарсы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.
 Әлібек Күнжігітов – 60 жаста. Қимылы ширақ, денсаулығына шағымы жоқ.  Салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен тұрақты түрде шұғылданады. 2,5 шақырымды бұйым көрмей, жастармен иық тіресе жүгіріп өткен ол: «Ауырып ем іздегенше, спортпен шұғылдан. Денді сау етіп, қарттықтан алыстатын осы!» дейді.
 ӘЛІБЕК КҮНЖІГІТОВ – МАРАФОН ҚАТЫСУШЫСЫ
- «Жүрген жерімізде салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында жастарға насихаттап жүреміз. «Асықата» ардагерлер командасын құрғанбыз осы аудан бойынша. 10 шақты жыл көлемінде болып қалды. Облыстық бірнеше турнирлерге қатысып, жүлдегерлер қатарынан көрініп жүрміз.»
 Жас ерекшелігіне қарай 18-30 жас аралығындағы қатысушылар 3,5 шақырымды, 31-45 жас аралығындағы марфоншылар 3 шақырымды, ал, 45 жастан жоғары азаматтар 2,5 шақырымды жүгіріп өтті. Қатысушылар денсаулығы ұдайы бақыланып, медицина қызметкерлерінің қадағалауында болды. Ал шара тыныштығын тәртіп сақшылары қамтамасыз етті.  
БЕКЗАТ БАХТИЯРОВ – МАРАФОН ЖЕҢІМПАЗЫ
 -  «Марафонға биыл бірінші рет қатысып отырмын. 3,5 шақырым жүгірдік. Бірінші болып келдім. Құдай қаласа баршаңызға салауатты өмір салтын ұстануды ұсынамын.»
 Жүлдегерлер арнайы медаль, мақтау қағаздарымен марапатталып, бағалы сыйлықтар иеленді.