Түркістанда «Өзбек этносының тілі, мәдениеті және салт-дәстүрі күні» аталып өтті. Мәдени-танымдық кешке қала тұрғындары арнайы қатысты. Салтанатты жиында көне салттары насихатталып, ұлттық тағамдары әзірленді. Республикалық фестивалге еліміздің әр түкпірінен өзбек ұлтының белсенді азаматтары арнайы қатысты.
 Қазақ-өзбек арасындағы қарым-қатынас талайдың таңданысын тудыратын дәрежеде. Екі ел арасындағы байланыстан бөлек, қазақ жерін мекен еткен өзағамызға да құрмет ерекше. Тілі мен діні ұқсас, салты сабақтасып жатқан қос ұлттың ынтымақ фестивалінде әннен шашу шашылып, ұлттық аспаптар шырқалып тұрды.
 
 МАРАТ ӘЗІЛХАНОВ, ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
-Өзара татулықтың белгісі. Достық пен ынтымақтың белгісі деп білемін. Екі ел арасындағы байланыс та арта түскен. оған мемлекет басшысы Тоқаев пен Мирзиевтың келісімі оң ықпал етіп отыр.
Дәстүрлі фестиваль өткен жылы Шымкентте өткен. Енді киелі Түркістан жерін дүбірге бөлеп отыр. «Этноауыл» кешенінде өткен шарада жергілікті тұрғындар үшін өзбек ұлтының ұлттық тағамдары тегін таратылды.
 ФАХРИДДИН ҚАРАТАЕВ, МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ
-Екі елдің ыстық ықыласы деп білеміз. Мынау сахнада да Абай атамыз бен Новои атамыздың өнегелі сөздері айтылып жатты. Бұл екі елдің рухани байланысы артып отырғанын көрсетеді. Бізге Өзбекстаннан арнайы қонақтарымыз келіп отыр. Оларға осы елдегі ұлтаралық татулықты көрсетіп жатырмыз.
Бір тудың астында ынтымағы ұйысып, тату-тәтті өмір сүріп отырған қазақ-өзбек ынтымағы – көпке үлгі. Ұлттық болмысты сақтап, салт пен дәстүрді бірге сабақтастырып отырған өзбек ұлтының фестивалі осылайша сән-салтанатымен атап өтілді.