Берекені көктен емес еткен еңбегінен тілеген теріскейліктер биылғы жылды толағай табыспен аяқтағалы отыр. 9 айда ауданға 1 миллиард 315 миллион теңге инвеститция тартылып, 12 миллиард 828 миллион теңгенің өнімі өндірілген. Нәтижесінде ет және сүт өнімдерін терең өңдеу өндірісі жолға қойылған.

Ауыл шаруашылығы ел экономикасының қозғаушы күші. Былтыр Президент пәрменімен қолға алынған «Ауыл аманаты» жобасы ауылдағы ағайынның ырысын арттырып отыр. 2023 жылы теріскейде қанатқақты жобаға Шолаққорған, Созақ, Құмкент, Жартытөбе ауылдық округтері қатысқан. Аудан бойынша үздік деген 210 жоба ұсынылып, аграрлы өңір шаруаларын қолдау мақсатында 1 миллиард 169 миллион теңге бөлінді. Нәтижесінде жұрт кәсібін кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашты. Бір ғана Жарты төбе ауылдық округінен бұл жобаға бірнеше азамат қатысып төмен пайызбен несие алды. Нәтижесінде ет-сүт, балық және құрылысқа қажетті өнімдер шығару қолға алынған.

«Амангелді» шаруа қожалығы мемлекет қолдауының арқасында ісін өрге домалатып отырған шаруашылықтардың бірі. Ағайынды бес жігіт 2003 жылы аудан орталығы Шолаққорған ауылынан Жарты төбе ауылына көшіп келген. Бауырлар бірігіп ата кәсіп мал шаруашылығына ден қояды. Бастапқыда азын-аулақ қой мен бес-алты жылқымен іс бастаған шаруалардың бүгінде өрісі төрт түлікке толы. Жыл он екі ай мал бордақылап, етке өткізеді. Ауыл азаматтарын да ет және сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Былтыр мемлекеттен төмен пайызбен несие алып мал басын арттырған.

 Созақ ауданында өндіріспен қатар ауылшаруашлығы саласы да дамып келеді. Теріскейде төрт түлік саны 400 мыңға жуықтаған. Мал басының көбеюіне «Ауыл аманаты» бағдарламасының септігі көп. Әсіресе шаруалар мал басын асылдандыруға ерекше мән беріп келеді. Созақ ауданы бойынша 18 асыл тұқымды қой шаруашылығы тіркелген. Осы шаруашылықтарда 14 059 асыл тұқымды қойлар өсірілуде. Түйе мен жылқы, ірі қара да көбейген.