73 мемлекеттен 598 спортшы қатысқан әлем біріншілігінде Қазақстандық боксшылар топ жарды. Черногорияның Будва қаласында өткен жастар арасындағы былғары қолғап бәсекесі жерлестеріміз үшін сәтті болды. Ел спортшылары 6 алтын, 1 күміс және 10 қола медальдарын еншілеп, командалық есепте көш бастады. Мамандар: «Бұған дейін әлем чемпионаттарынан 2 алтынан артық алып көрмеген отандық бокс үшін, бұл тарихи нәтиже» дейді.
Жеңімпаздар қатарында Түркістандық спортшылар да бар. Оңтүстік өңірден аттанған 5 спортшының 4-еуі жүлдеге ілігіп, тек біреуі ғана жарыс жолын ерте аяқтады. Алтынан алқа тағынғандар қатарында 67 келі салмақ дәрежесінде жұдырықтасқан Төрехан Сабырхан да бар.
Жеңіспен оралған жүлдегерлерді жерлестері Шымкент әуежайынан күтіп алып, құрмет-қошеметке бөледі. Қарсы алу іс-шарасына облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының өкілдері мен қала тұрғындары қатысты. Келушілер ел мерейін үстем еткен спортшыларға алғыс айтып, жылы лебіздерін жеткізді.
Бұған дейін жасөспірімдер арасында 4 дүркін Азия чемпионы атанып үлгерген ұлттық құрама капитаны Төрехан Сабырхан енді ерексектер қатарына қосылмақ. Бағы мен бабы қатар келген боксшының жеке бапкері: «босаңсуға болмайды, нәтижені ересектер арасында еселеп, олимпиада шыңын бағындыруымыз қажет!» дейді.
Сондай-ақ қыздар арасында қолғап түйістірген Бағжан Отынбай, Аружан Жаңабаева және Шұғыла Нәлібайлар қола медальді қанағат тұтты.