Былтыр Шымкентте 11 жайлы мектеп пайдалануға берілді. Заманауи талаптарға сай, соңғы үлгіде жабдықталған білім ордасына ұстаздар да шәкірттер де үйір. Тек сәнді мектептен сапалы білім күтетін оқушыға біліктілігі жоғары ұстаз қажет. Білім басқармасы бос орындар талан-таражға салынбай, лайықтыларға тиуі үшін №145 жайлы мектебіне ашық конкурс жариялады. Оған 1000-нан аса оқытушы өтінім жіберіп, өзін-өзі ұсынған. Конкурс қаншалықты әділ өтуде? Бағалау критерийлері қандай? Көз қысты, бармақ-басты әрекеттер орын алмай ма? Тілші танысып қайтты.
ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ
Жайлы мектеп - тек ыңғайлы емес, сондай-ақ сана сапасы мен білім деңгейі де жоғары нысан. Сондықтан, мұнда келетін оқытушылар құрамы да елек пен сүзгіден өтіп, сүт бетіндегі қаймақтары таңдап алынады. Шамамен, бір орынға 30 мұғалім үміткер. Бұл, бір жағы жайлы мектепке деген қызығушылық жоғары екенін көрсетсе, екінші жағынан шын мықтыны іріктеуге мүмкіндік береді. // C3198 //
Конкурс 40 бос орынға жарияланған. Үміткерлер қарасы қалың. Шамамен 1 орынға 30-дан аса мұғалім ниетті. Байқаудың әділ әрі ашық өтуі үшін әлеуметтік желілерге арнап бір емес қос тікелей көрсетілім ұйымдастырылған. Оны кез-келген ерікті азамат бақылап, комиссия жұмысына төреші бола алды.
АЛИЯ БЕКТЕМИСОВА, №145 ЖОБМ ДИРЕКТОРЫ
– «Халық көрсін деп әлеуметтік желілерде тікелей көрсетілім жүріп жатыр. Бұл видеолар бір жылға дейін сақталады. Оны кез-келген адам көре алады.»
Міне, түрлі мектептің басшылық құрамынан іріктеліп алынған комиссия мүшелер тап осылай келіп түскен әрбір өтінімді мұқият зерделеп, белгіленген критерийлер шеңберінде бағалайды. Мұнда қажетті құжаттардың реттілігі, талапқа сай жасақталғаны, үміткердің біліктілігі басты орында.
АЙСҰЛУ ӘБДІХАЛЫҚОВА, КОМИССИЯ МҮШЕСІ
– «Біз 57 бұйрыққа сәйкес 13 параментр шеберінде іріктейміз. Мысалы бастауыш мамандығы үшін 300-ден аса мұғалім өтінім беріп отыр.»
Комиссия жұмысы 5 күнге жалғасады. Осы аралықта келіп түскен өтінімдер жеке-дара талданып, талапқа сай не сай емесі мұқият тексеріледі.